ССП тарихы

Ядролық сынақ полигонын құру туралы шешім КОКП Орталық Комитеті және КСРО Министрлер Кабинетімен қабылданды. 1947 жылғы 21 тамызда КОКП Орталық Комитеті және КСРО Министрлер Кабинетінің Қаулысымен Тау сейсмикалық станциясы (905 объект) құрылды, ол 1948 жылы КСРО Қарулы күштер министрлігінің оқу-жаттығу полигоны, кейіннен №2 Мемлекеттік орталық ғылыми-зерттеу сынақ полигоны (ГОСЦНИИП 2) деп аталды. Полигонның алғашқы бөлімшелері (52605 әскери бөлім) шоғырлану ауданына 1948 жылғы 1 маусымнан бастап көшіріле бастады.

Полигон Қазақстан Республикасының бұрынғы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан), Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағында орналасқан. Жалпы ауданы - 18500 км2, периметрі - 600 км жуық. Жоғарыда аталған облыстардың әрқайсысы полигонның тиісінше 54 %, 39 % және 7 %  аумағын еншілейді.

1949 жылы объектілер мен құрылыстарды ядролық сынаулар өткізуге дайындаумен қатар Ертіс өзенінің жағалауында қазіргі Курчатов қаласы салына бастады, кейіннен ол полигонның әкімшілік орталығына айналды.

Полигондағы сынауларға арналған дайындық жұмыстары 1949 жылдың шілде айында аяқталды. 1949 жылғы 29 тамызда Семей сынақ полигонында алғаш рет ядролық құрылғы сынаудан өткізілді. Сынауға ғылыми жетекшілік ету И.В. Курчатовтың өзімен тікелей жүзеге асырылды. 1953 жылғы 12 тамызда алғашқы термоядролық құрылғы, ал 1955 жылғы 22 қарашада сутегі бомбасы сыналды. 1949-1990 жылдар аралығында Семей полигонында барлығы 467 ядролық сынақ өткізілді.    

Үш ядролық зерттеу реакторы - ИВГ 1.М, РА, ИГР орналасқан Байкал және ИГР реактор кешендері, сондай-ақ түрлі эксперименттік стенділер мен қондырғылар ғарышқа арналған ядролық энергетикалық және қозғалтқыш құралдарды жер бетінде пысықтау үшін, импульстік реакторлардың физикасын зерделеу үшін және қауіпсіз атом энергетикасы саласында зерттеулер жүргізу үшін қолданылды.  

Тәжірибе алаңы Семей полигонының алғашқы сынақ алаңы болды және 1949-1962 жылдар аралығында жерүсті және атмосфералық сынаулар жүргізуге арналды. Тәжірибе алаңы 300 км2 жуық ауданды алып жатыр, периметрі - 64 км. Ядролық құрылғы алғаш рет Тәжірибе алаңында 1949 жылғы 29 тамызда жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-де сыналды. Тәжірибе алаңы сынаулар жүргізуге және ядролық жарылыс параметрлерін нақты эксперимент жағдайында тіркеуге арналған инженерлік-құрылыс ғимараттарының ірі ауқымды кешені болып табылды. Аспаптық және фортификациялық құрылыстардың ядролық жарылыстың әсерінен іздер қалған жекелеген бөліктері қазіргі уақытқа дейін сақталған. Тәжірибе алаңының ортасында сынаулар жүргізуге арналған, соның ішінде ең алғашқы сынақ жасалған орын - эпицентр орналасқан. Тәжірибе алаңында жарылыстан кейін түзілген радиоактивті бұлттардан қалған жауын-шашын іздері алаңдық иондаушы сәуле көздері болып табылады. Осындай іздер байқалған жерде Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерінде қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеулер жүргізу үшін қолданылатын радиометрлік аспаптарды дәлдеуге арналған алаңдар жасақталған.    

КСРО мен АҚШ арасындағы Шартқа сәйкес (1974 жылғы 3 шілдедегі Ядролық қарудың жерасты сынауларын шектеу туралы) КСРО мен АҚШ арасындағы Шарттың орындалуын бақылаудың тиімді шараларын дайындау мақсатында 1988 жылы АҚШ-тағы Невада полигонында (17 тамызда) және Семей полигонында (14 қыркүйекте, Балапан алаңында) жерасты ядролық жарылыстары жүргізілді және алғаш рет жерасты ядролық жарлылыс параметрлерінің өзара бақыланатын эталондық мәндеріне қол жеткізілді.

Семей полигонында соңғы ядролық жерасты жарылысы 1989 жылғы 19 қазанда Балапан алаңындағы ұңғымалардың бірінде жасалды. Балапан алаңында 1968-1989 жылдар аралығында барлығы 131 жерасты ядролық жарылыс жасалды.

«Г» алаңында, яғни Дегелең таулы алқабында жерасты сынаулары көлбеу орналасқан штольняларда жүргізілді. Дегелең таулы алқабында 1991 жылға қарсы көлденең қимасы 9 м2 -ден 25 м2 -ге дейін болатын, тереңдігі бір шақырымнан асатын 181 штольня салынды. Бұлардың 163-інде ядролық жарылыс жасалды. Дегелең таулы алқабындағы штольняларда 1961-1989 жылдар аралығында барлығы 209 жерасты ядролық жарылыс жасалды.       

1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің №409 ЖарлығыменСемей ядролық сынақ полигоны жабылды.

1992 жылғы 15 мамырда бұрынғы Семей сынақ полигоны кешенінің және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан тиісті ғылыми ұйымдар мен объектілердің негізінде

Қазақстан Республикасы Президентінің №779 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы құрылды. ҚР ҰЯО құрамына Алатау кентінде орналасқан (Алматы маңындағы) Ядролық физика институты және Курчатов қаласында орналасқан Атом энергиясы институты, Радиациялық қауіпсіздік және экология институты, Геофизикалық зерттеулер институты және Өңірлік емдеу-диагностикалау орталығы кіреді.

 ҚР Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 15 қаңтардағы №37 қаулысымен ҚР ҰЯО директоры болып техника ғылымдарының докторы, профессор Ғ.А. Батырбеков тағайындалды (1993-1995жж.).ҚР Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 10 қарашадағы №1505 қаулысымен ҚР ҰЯО бас директоры болып техника ғылымдарының докторы, профессор Ю.С.Черепнин тағайындалды (1995-2000жж.).

Конференции

ҚР ҰЯО жас ғалымдары
мен мамандарының

ҒЗТКЖ ХVI конференция-конкурсы
БІРІНШІ АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА  | Заявка

Сейчас на сайте

Қазір 74 қонақтар Онлайн

Байланыстар

071100, Қазақстан,
Курчатов қ., Красноармейская к-сі,ғ. 2 54 Б

тел. (722-51) 2-33-33,
факс (722-51) 2-38-58
E-mail: nnc@nnc.kz